Топан су басталғанда Нұх кемеге барлық жан-жануарларды асығыс кіргізіп жатады. Солармен бірге, есек пақыр да кемеге жақындап келе жатыпты. Жолда оған Ібіліс кездеседі. Ол есекті арбап:
– Есек, саған ерекше қасиет біткен. Ешқашан қиянат жасамайсың. Мені топан суға қалдырмай, өзіңмен бірге кемеге алып кір. Нұх мені кіргізбей жатыр, – деп жалынады. Есек Ібілістің көңілін қимай келіседі. Екеуі кеменің есігіне жақындағанда, Ібіліс:
– Нұх мені көріп қойып, ұстап алады. Сенің құйрығыңа тығылып кірейін, – дейді. Есек:
– Мақұл, – деп құйрығын созады. Ібіліс оның құйрығынан ұстап алып, кері қарай сүйрей жөнеледі. Есек шошып кетіп, төрт аяқтап тыпырлап, жанталаса бастайды. Тар жерде топырлап, кемеге кіруге кезекте тұрған хайуандар да азан-қазан болады.
Нұх есекке жекіп:
– Кір ішке! – дейді. Құйрығынан босай алмай тұрған есек, Нұхтың даусын естіп, қорыққаннан, суға зәр жіберіп қойыпты. Нұх екінші рет:
– Ей, малғұн, өткелді бөгемей, кір ішке, – дегенде Ібіліс «зу» етіп, ішке кіріп кеткен екен. Нұх оған:
– Сені кім шақырды, шық! – дейді. Сонда Ібіліс:
– Кір, малғұн! – деген өзің. Малғұн менмін. Ал, ол — есек. Мен сенің әміріңмен кірдім, – деп кемеге жайғасады. Есектің Ібіліске жәрдемші болғанына налыған Нұх:
– Көрген күнің қараң болар,
Жүрісің шабан болар,
Жегенің сабан болар,
Етің арам болар, – депті. Есек содан бастап, еңбегі адал болғанмен, еті арамға айналады. Оның әліге дейін өткелде суға зәр жіберетін жаман әдеті осы оқиғадан қалыпты деседі.
Қазір де есек Ібілісті көрсе, өткелдегі оқиға есіне түсіп, ақырып, жаны қалмай қорқады екен. Ал, Ібіліске алданып қалғандықтан, бұдан былай, ешкімге жақсылық жасамаймын деп бекініпті. Сондықтан да, үстінен құлап бара жатқан адамға жалын емес, тұяғын тосады екен.