Ібіліс Нұх кемесіне мінген соң, әркімді азғырып, бүлік шығарып жүреді екен. Бірде ол қорапта жатқан жүзім ұрығын ұрлап алады.
Нұх қанша іздесе де, жүзімнің дәнін таппайды. Хайуандардан сұраса, ешқайсысы көрмеген. Ол:
– Ібіліс, жүзімнің дәнегін алған сен бе? – деп сұрайды.
– Жоқ. Оны қайтем? Дәнегін торғай жеп отырған, – деп өтірікті соғып жібереді. Барлық хайуан торғайға жабылып, оны кінәләй бастайды. Бейшара торғай «шыр-шыр» етіп, жаны қалмай ақталады. Оны ешкім тыңдамайды. «Торғайдай жаны қалмай шырылдады» деген сөз содан қалыпты.
Нақақтан нақақ жалалы болғанына ызаланған торғай булығып жылап жібереді. Нұх торғайдың жасын көріп оған сенеді. У-шу басылады. Көз жасын көрген соң, жануарлар да райынан қайтады.
Нұх Ібіліске:
– Әй, малғұн, торғайға жала жаптың, өтірік айттың. Дәнекті сен алғансың қайтар, әйтпесе жағдайың қиын болады, – деді. Ібіліс:
– Берем, бірақ шартым бар, – деді.
– Айт шартыңды.
– Ертең жүзім қайта егілгенде, маған үш рет суғаруға рұқсат ет. «Жоқ» десең, дәнекті жұтып қоямын, – деп қорқытады.
– Рұқсат, — деді Нұх.
Ібіліс ұрықты қайтарады.
Су басылып, жер құрғап, жүзім егілетін күн туады. Нұх Ібілістің алдын орап, жүзімді пейіштегі «Ранжбибил» және «Салсабил» өзендерінің суымен екі рет суғарады. Кезек Ібіліске тигенде, ол бірінші түлкінің кіші дәретіне, екіншіде иттің, үшіншіде шошқаның дәретіне өзінің дәретін қосып суғарады.
Нұх бірінші Салсабил бұлағымен суғарғандықтан, жүзімге дәмді шырын бітеді. Ранжбибил бұлағымен суғарғандықтан, кепкен кезде мейізге айналады. Ібілістің қолы тигендіктен, жүзім жемісі сәл ашыса, мас қылатын шарапқа айналады. Шарапты ішкен кісі, алғашқыда, түлкіге ұқсап, жәдігөйленеді. Көп ішсе, итке ұқсап, ырылдасып, шайнасады. Есінен танып ішсе, шошқа сияқты батпақта аунап жата береді.
Нұх пайғамбар жүзімді бірінші боп суғарғандықтан, оның жемісі, алдымен, адал боп піседі. Шырыны ашыса, арам суға айналады. Пейіштің суы тигендіктен, жүзімге ерекше қасиет бітіпті. «Егер кімнің үйінде мейіз болса, сол үйде періштелер жүреді» деген сөз осы Нұх пайғамбардан қалған екен.