Топан суға дейін қарға мен тауық дос болыпты. Ол кезде қарға ақ түсті, ал тауық ұшатын құс екен. Топан су басқанда кемеге екеуі қатар жайғасыпты.
Кемені шалдыратын мезгіл тақайды. Бірақ судың қаншалықты тарылып, құрғақ жердің бар жоғын білу мүмкін емес еді. Нұх:
– Судың қаншалықты тартылғанын кім біліп келеді? – дейді. Қарға:
– Ықтияр етсеңіз, мен ұшайын, – дейді.
– Сен жемтікке үйір едің. Далада өлексе болуы мүмкін. Қызығып қалып қойсаң ше?
– Маған сеніңіз. Бір заманда Адам атаға жол көрсеткен мен едім.
– Келмей қойсаң, сені көп күтуге мұршамыз жоқ. Кепілдікке не қалдырасың? – деді. Сонда Тауық:
– Қарға қимас досым. Дос үшін екі қанатымды кепілдікке мен қоямын, – деді. Пайғамбар келісті.
Қарға ұшып шықты. Қараса, біраз жер ашылып, құрғап қалыпты. Топан суға тұншығып өлген жан-жануардың өлігі шашылып жатыр. Кемеден ашқұрсақ шыққан қарға өлексені көргенде араны ашылып, кемедегі ел-жұртты ұмытты. Нұх оны күте-күте шыдамы таусылды. «Іздеп кел» деп сауысқанды жіберді. Ол да жемтік жеп қалып қойды. Үшінші жолы кептер ұшты. Ол зәйтүн ағашына қонды. Ағашқа бұрынғы жойылған қауым мен өлген мақұлықтың қаны жұққан екен. Оның аяғы қанға тиіп қызарып кетеді. Содан бастап кептердің аяғы қызыл болыпты.
Кептер зәйтүн ағашының бір жапырағын тістеп, кемеге оралды. Нұх кептерден:
– Ана екеуінен хабар бар ма? Аман ба екен? – деп сұрады. Кептер:
– Иә, көрдім. Қарға өлген малдың басын, сауысқан көтеншегін шұқып отыр, – деді. Нұх ыза болып:
– Жегендерің жемтік, ішкендерің іртік болсын! – дегенде екі құстың ұсқыны кетеді. Қарға қара түсті құсқа айналады. Осыдан бастап, ол өлген мал көрсе басын, сауысқан құйрығын шоқитын болыпты. Нұх кептерге:
– Адалдығың білінді. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал! – деді. Сосын пайғамбарға тауық келіп:
– Қанатымды бер, – деді. Нұх:
– Досың сені сатып кетті. Ол келсін, қанатыңды сосын аласың, – деді. Тауық осылайша ұша алмай қалады. Күн сайын таң мезгілі болғанда, «Қарға қанатымды қайтар» деп шақырады екен. Сол кезде елдер ұйқыдан оянатын болыпты.